


Алғы сөз
Оқырманға арнау
– Бұл менің оқып, тоқып алғандарым,
Жазғаным жоқ шындыққа жат жалғандарын.
Білсін деп кейінгілер шыққан тегін,
Аманат қып ұрпаққа сөз арнадым, –
деген еді осынау шежіренің Ақмола өңіріндегі көлемді бір бөлігін көзінің қарашығындай сақтап, бізге жеткізген аяулы да абзал жанның бірі – Сағын Көзжанов.
Шежіре тарату, халқымыздың шыққан тегін ұрпақтан ұрпаққа жеткізу – ұлттық рухты асқақтатудың, келер ұрпақ бойында отаншылдық сезімнің іргетасын қалаудың бірден-бір жолы. Тереңнен тамыр тартқысы келетін кемел халық ежелгі заманның өзінде-ақ жер бетіндегі тіршілікті бастап берген Адам Ата мен Хауа Ананы дүниеге әкеліп, олар туралы аңыздарды күні бүгінге дейін сақтап келді. Әрине, аңыздың астарында ақиқат, белгілі бір шындықтың бар екенін барша халық түсінеді.
«Жеті атасын білген ұл, жеті жұрттың қамын жер» деген нақылды, даналық түйінді берік ұстанған халқымыз ата шежіресіне ерекше көңіл бөлді. Жазу-сызуымыздың кенже қалуынан қазақ руларының шежіресі ұрпақтан ұрпаққа ауызша жетіп, кейбірі өзгеріп, бұрмаланып кетті. Сондықтан да шежірелердің бір-бірімен дәлме-дәл келе бермейтіндігі – заңды құбылыс.
Қазіргі таңда қазақ халқының ғылыми тұрғыда жүйеленген шежіресін жасау қолға алына бастады. Әр жерлерде ұлтымыздың үш жүзге бөлінетін руларының таратылатын шежірелері жинақталып, кітап болып шығуда. Неге екені белгісіз, жалпы қыпшақ шежіресі бар болғанымен, осы тайпаға кіретін құлан қыпшақтардың шығу тегі туралы деректер жоқтың қасы.
Міне, осы тұрғыдан Құлан қыпшақ шежіресінің негізін қалыптастыру менің басты мақсатыма айналды. Ол үшін әркімнің қолындағы Құлан шежіресінің басын құрап, бір ізге түсіре отырып, жарыққа шығару арман еді.
Орасан істің жүзеге асуына Құлан қыпшақтар мекендейтін аймақтардағы көнекөз жандардың деректері пайдаланылды.
Ақмола өңірінен: Шубай, Кенже Өтеуұлдары, Тәтті, Ташмағанбет Есілбайұлдары, Жәмай Жұманұлы, Әлжаппар Елеусізов, Қабдолла Тайшыбайұлы, Иманғазы Шәрімов, Аманжол Смағұлұлы, Әбудәрда Жамкенұлы, Төлеген Бақтыбаев, Сағын Көзжанов, Төкен Серікбаев, Ахмет Есілбаев, Сәлім Ақылбаев, Өмірзақ Қаратаев, Амантай Есілбаев, Қошқарбай Елубаев;
Торғай өңірінен: Әубәкір Қылышбайұлы, Қорған Әмірхамзеұлы, Өтеш Қылышбайұлы, Ербол Әбузартегі;
Шортанды өңірінен: Қазтай Әлжанов, Орал Қапышев, Саржан Кәменұлы;
Түркістан өңірінен: Сағындық Қыдырұлы, Орманбек Жақыпбекұлы, Ыдырыс Манашев, Жангелді Нұров, Мұса Пірімқұлов, Әліби Манаш;
Қарағанды өңірінен: Жұматай Қадетұлы;
Жезқазған өңірінен: Әбілғазы Ахметбек;
Сүмбе өңірінен: Тоққожа Омарұлы, Қуатқұл Жантұгелұлы, Бағдәулет Жомартұлы, Марлен Телібайұлы, Талғат Есентайұлы;
Әулиета өңірінен: Байділда Нұрбайұлы, Сейділдә Телібайұлы, Тұрсынбек Есіркепбайұлы, Дәулетбек Зәуірбекұлы, Тоққожа Айдарханұлы, Жамалбек Туғанбайұлы, Нұрлан Жұмаханұлы, Күмісхан Баялиев, Нұрсатай Солтыбайұлы, Болат Жұмаділлаев т.б.;
Ташкент, Қыбырай өңірінен: Ерәлі Ермекұлы, Әлі Оразбайұлы, Даниярбек Есенқұлұлы, Бақытгүл Сапарбайқызы.
Қызылорда өңірінен: Өтептілеу Алтынбайұлы;
Кереку өңірінен: Қайырбек Кәменұлы;
Қызылжар өңірінен: Ақанай ұрпақтарынан шежіре деректер алынды.
Шежіре жазу, аталарды тарату – үлкен жауапкершілік. Оны бір жүйеге келтіру де дәлдікті қажет етеді. Мәселен, әркімнің қолында сақталып қалған, тек адамдар аттарынан құралған, оның өзі толық емес, схема-сызба үлгісіндегі, ешқандай тарихи мәліметтер кіргізілмеген дүниелерді ой елегінен өткізіп, жинақтап оқырманға жеткізудің өзі көп уақыт алды және өте қиындықпен жиналды. Өйткені, ел ішінде сақталған шежірелер әрқилы, бірін-бірі жоққа шығаратын тұстары көп.
Жиырмасыншы ғасырдың бас кезінде қазақ халқының мұңын жоқтап, елін әлемдік өркениет қатарына шығаруға бар білімі мен күш-жігерін жұмсаған зиялы, көрнекті қайраткерлеріміздің бірі Мәннан Тұрғанбаев өзінің бір еңбегінде шежіре туралы былайша ой түйіндейді: «Шежіре – баяндалған оқиғаларымен мінезге үлгі, ғұмырға жоба. Шежіре алдыңғы адам баласының басынан кешкен оқиғалардың куәсі. Бұл ұлт төменгі сатыдан өзгемен терезесі тең болған сатыға қалай жетті, қалай озды? Бұрынғы өткен адамдардың ұлтын сүюі қандай дәрежеде, осы жолда көрсетер қарым-қабілеті, сіңірген еңбегі қандай? Мұның бәрі – әр ісі бір ұлттың ұлылығының сақталуына, бір ісі әрбір адамның адамшылығын берік ұстауына үлкен сабақ. Шежіре – пайдалы ғылым. Бұл жерде тек оқиғалар анық жазылған, тұрақтылықтан таймаған кітап болуы керек. Бір мақсатқа қызмет ету ниеті – шындық жолдан шығып, қиастап жазылған шежіре ғылым емес».
Бір ескеретін жәйт, мына бір мәселе болмақ. Өткен тарихты қаралау немесе оған тек сұқтана қарау рухани кемелдікке апаратын жол емес. Мақсат – ақиқаттан алыстататын аңыздардан (мифтерден) арылу. Міне, осы ізденіс жолында біраз тер төктік. Жеті-сегіз шежіре кітапты ой елегінен өткіздік, тіпті артық-кем айтылған пікірлердің өзін оқырман назарына ұсындық.
Қолға түскен аңыз-әңгімелердің барлығын бірдей тізе бермей, логикалық тұрғыдан шындыққа жақындайды-ау дегендерін ғана екшеп алып, рух пен ділін жоғалтпаған ағаларымыздың көзінің қарашығындай сақтап келген дүниелерді берері мол мұра ретінде бағалап, басын қосып біріктірдік.
Бұл ғылыми еңбек емес. Болашақта өткен тарихымыздың бір бөлшегі боларлықтай осынау еңбекті қолына алып оқыған әрбір адам абзал жандардың қалдырған мұраларына біржақты қарамай, саналы түрде төрелік айтып, үлкен құрметпен қараса екен деймін. Бұл жинақта Қазақстанның әр аймағында тұратын құландардың (әрине, тек қолға түскендері ғана) шежіресі енгізілді.
Құлан қыпшақтан шыққан еліне, жеріне елеулі еңбек сіңірген азаматтардың кезінде атқарған игі істері жайлы деректер келер ұрпақтың бір қажетіне жарап жатса – мақсатымның орындалғаны. Егер еңбегім кішкене бір елді, сол жерде «елім» деп ғұмыр кешкен азаматтарға ауылының тарихын танып білуге септігін тигізсе – нұр үстіне нұр. Дүниені телегей теңіз десек, туып-өскен ата қоныс ауылың тамшыдай ғана. Құлан қыпшақ ұрпақтары өз шежіресіне көз жүгіртіп, кітапқа енген тарихи тұлғалардан тағылым тауып, естелік-әңгімелерді, ұтымды да ұшқыр айтылған сөздерді оқып, бұған дейін өмірден өтіп кеткен ата-бабаларын, ақ жаулықты аналарын, абыз қарттарын, абзал ағаларын өнеге алса, кімде-кім керегін тауып жатса, арман жоқ.
Бәріне де әділ төреші өзің, қадірлі оқырман!
Амантай Есілбай (деректер шамалы толықтырылды)
Адам Атадан Қазаққа дейін деп келетін әрқилы шежірені көріп жүрміз. Қайсысы дұрыс екенін шежіретанушы ғалымдардың өзі дөп басып айта алмайды. Оның үстіне қазақ халқының негізін құраған тайпалардың шығу тегі мұсылман дінін қабылдаған кезден тым әріде жатыр. Сондықтан бұл мәселеге тоқталып жатуды жөн көрмедік.
Құлан қыпшақ шежіресін жазбас бұрын Қыпшақ руы жайлы ізденейік. Тарихшы Манаш Қозыбаев: «...Қыпшақ пен Қазақ атауы бір уақытта пайда болып, бір-бірін алмастырып жүр...» – дейді. О. Сүлейменов қыпшақтардың рулық таңбасы – тiк екi сызықты (//) қатар жатқан екi пышақтың белгiсi деп түсiндiрiп, қимақ этнонимiн «ики» және «иемек» сөздерiнен шығарған парсы тарихшысы Гардизи сияқты, қыпшақ этнонимiн осы екi пышақ (автордың беруiнде «ики-пчак») сөзiнен шығарады (О. Сүлейменов, «Қыш кітап» және «Аз и Я», 1990 ж., 498-бет). Шынын айту керек, бұл осы орайда айтылған бұрынғы болжамдардың бiрiне де ұқсамайды. Тың болжам. Бiрақ, соған қарамастан, бұған әзiрге ғалымдар тарапынан не дұрыс, не бұрыс деген ешқандай пiкiр айтылған жоқ. Сондықтан қысқаша болса да бұл туралы арнайы сөз ету қажет секiлдi
(Қойшығара Салғара).